Қоғам

Біржан Саржанов:Азаматтық сектордың қоғамдағы рөлі

Азаматтық қоғам туралы әр түрлі көзқарастар, әр түрлі бағдарлар бар. Менің ойымша азаматтық қоғам – мемлекет тарапынан қорғалатын, адам бостандығы мен құқығын көрсететін, жеке бостандыққа ие экономикалық тәуелсіз адамдардың қоғамы.

Азаматтық қоғам институттарына саяси партиялар, жергiлiктi қоғамдастықтар, кәсiптiк одақтар, дiни бiрлестiктер, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми одақтар мен бiрлестiктер, бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ қоғам үшiн түрлi қызмет пен қызмет көрсетулердiң кең ауқымын iске асыратын, қызметтiң алуан түрiн жүзеге асыратын мемлекеттiк емес қорлар, коммерциялық емес мекемелер, заңды тұлғалар одақтары (қауымдастықтары), қоғамдық пайдалы мiндеттердi шешетiн басқа да ұйымдар мен бастамашыл топтар түрiнде құрылған мемлекеттiк емес ұйымдар жатады.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1994 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентi әлеуметтiк-экономикалық және еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтiк серiктестiк жөнiнде республикалық үшжақты комиссия құру туралы қаулыға қол қойды, бұл сындарлы үшжақты қатынастарды дамытуға және әлеуметтiк серiктестiк жүйесiн құрудың бастауы болды.
Партиялар мен қозғалыстардың құрылуы мен жұмыс iстеуi және, тиiсiнше, елдiң партиялық жүйесiнiң одан әрi дамуы үшiн құқықтық өрiс құруға 1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен 1996 жылы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарының қабылдануы ықпал еттi.
1999 жылы iс жүзiнде барлық өңiрлерде «YЕҰ ақпарат орталықтары» ашылды, олардың басты мiндетi өңiрлiк үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау, оларға консультативтiк көмек, ақпараттық және әдiстемелiк қолдау көрсету болды.
2000 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң («Epкін де еңселi әрi қауiпсiз қоғамға» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың түрлi топтарының мүдделерiн iске асырудағы рөлi күннен-күнге артып келе жатқан үкiметтiк емес ұйымдарды дамыту үшiн жағдайлар жасау жөнiнде Үкiметке алғашқы тапсырмалар берiлдi.
2003 жылы Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен бiрiншi Азаматтық форум өткiзiлдi. Ол үкiметтiк емес сектордың саяси танылуын белгiледi және азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттiк органдардың өзара iс-қимылының жүйелi тетiктерi қалыптасуының бастауы болды. 2005 жылы екiншi Азаматтық форум өткiзiлдi, ол елдiң қоғамдық өмiрiне қатысуға бизнес-қауымдастықтардың тартылуына ықпал еттi. Азаматтық форум еліміздің қоғамдық өміріне кәсіпкерлік-ассоциациялардың қатысуына жағдай туғызды. Онда елдегі үкіметтік емес ұйымдарды, бизнес пен кәсіподақты біріктірген Қазақстанның Азаматтық альянысы құрылды. Орталық және жергiлiктi деңгейлерде «билiк — қоғам» серiктестiгiнiң ұзақ мерзiмдi тұрақты тетiктерiн және түрлi үндесу алаңқайларын құру жөнiндегi жұмыс белсендi жүргiзiле бастады. Қорытындысында, 2005 жылғы сәуiрде «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, ол билiк органдары мен YEҰ-ның өзара қатынастарының принциптiк жаңа жүйесiнiң құрылуына мүмкiндiк бердi.
Тәуелсіздік жылдарында үкіметтік емес ұйымдар саны 10 есеге өсті. Бұл азаматтардың белсенділігінің артуын көрсетеді. Үкіметтік емес ұйымдардың басты міндеті адам құқықтарының мемлекет тарапынан бұзылмауына жол бермеу болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдармен байланысты дамытудың негізгі бағыттары: сапалық кеңестерге, депутаттармен бірге жұмыс топтарына қатысу, мемлекеттік қызметкерлердің үкіметтік емес ұйымдардың іс-шараларына қатысу, сауалдарға жауап беру, заң жобаларына ұсыныс жасау, салалық министрліктермен бірге еңбек ету.

Барлық дамыған елдерде ҮЕҰ-дар азаматтардың қоғамдық мүдделерін білдіре отырып, әлеуметтік бағыттағы бағдарламаларды іске асыруға, заң жобаларының қоғамдық бағасын беруге, түрлі мақсаттағы бағдарламаларды орындауға, азаматтардың құқықтарын қорғауға қызу қатынасады. Бұл ұйымдардың қызметі нәтижелі болған кезде әрбір тұлға толыққанды өмір сүруге және өзінің жеке немесе қоғамдық талпыныстарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Осылайша, үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның басты институты ретінде мемлекеттік органдар мен қалың бұқара арасындағы байланыстырушы рөлін атқарады.
Қазақстандағы ҮЕҰ-дың алғашқы қарлығашы, бірінші бұқаралық жалпыреспубликалық ұйым «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы 1989 жылы құрылған болатын.
Үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 22 миллиард теңгеден асып отыр. Алайда, азаматтық қоғам субъектілерінің осынша көлеміне қарамастан, әлі де азаматтық қоғам толыққанды жұмыс істеп отыр деп айта алмаймыз. Саны жеткілікті болғанмен, сапа жағы кемшін екені анық және бұл көпшілікке белгілі жайт. Айталық, азаматтық қоғам субъектілері жекелеген фактілер болмаса, кең ауқымда нақты дәрежеде аса өзекті деген қоғамдық-саяси проблемаларды шешуге қатыса алмай отыр немесе олардың ұсыныстары мен талап-тілектері ескеріле бермейді.
Қоғамдық ұйымдар құрылуы жағынан кенде емес болса да, олар қалың бұқара қауымын қамтуы тым төмен. Яғни, қатардағы азаматтардың белсенділігін оятып, өз қатарына тарта алмай отыр. Сондықтан, олардың әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі рөлі де айтарлықтай емес. Оның бір себебі, ҮЕҰ мен билік арасындағы өзара әрекеттестік айқын емес, оның іске асу тетіктері нақтыланбаған. Яғни, шешім қабылдау деңгейіне қатысуы әлсіз. Осыдан келіп, азаматтық қоғам орнату деңгейі елімізде сол бұрынғы бастапқы сатысында қалу үрдістері байқалады. Бұның түрлі себептері бар, мысалы, ҮЕҰ қызметінде жүйелілік болмауы, стихиялық сипат алуы, жоғарыдан бақыланатындығы бұл сектордың дамуына кедергі келтіреді. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктердің даму деңгейі, қаржыландырылуы да тым әрқилы, осыдан келіп ҮЕҰ-ның әлеуметтік-саяси белсенділігі де біркелкі, үздіксіз сипат ала алмайды. Тіпті бар-жоғы белгісіз, бірақ ресми тіркелген қоғамдық қорлар, азаматтық ұйымдар бар.

Осындай күрмеуінің шешілуі қиын мәселелерді шешуге арналған, Елбасының қатысуымен «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында өткен VIII Азаматтық форумның мақсаты — заманауи азаматтық қоғамды қалыптастыру, мемлекеттік басқару процестерінде азаматтық қоғам институттарын дамыту және азаматтық қатысуды жандандыру үшін диалог қатысушыларының күш-жігерін біріктіруге азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың, халықаралық ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтың ашық диалогын дамыту болып табылады.
Жалпы, форум аясында екі күн бойы семинарлар, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, ми¬нистрліктер мен ведомстволар бас¬шы¬лары¬мен салалық кездесулер форматын¬да¬ғы тақырыптық сессиялар 35 алаңда өтіп, жиынға қатысушылар құнды мәлі¬мет-терге қанықты, ой бөлісті, пікір алмасты.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер халық, оның ішінде азаматтық қоғам тарапынан зор қолдау тауып отыр. Бұл мақала халқымыздың рухын көтеріп, сана-сезімін жаңғыртудың ұлы бастамасы екенін Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев өз баяндамасында айтып өтті.
Аталған жиынға еліміз бойынша 850 ден астам қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, әр саланың министрлеріне өз ұсыныстарын жеткізді. Форумның қатысушылары 2019-2024 жылдарға арналған Азаматтық қоғам институттарын дамыту тұжырымдамасының жобасын талқылады.
Республикалық маңызы бар VIII Азаматтық форумнан түйген ойым, қазіргі күні баршамыздың көзіміз жеткендей, өте өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларды ҮЕҰ көмегімен шешу тиімді. Дәл осы сектордағы адам капиталын тиімді пайдалану, олардың оң тәжірибесін іске қосу еліміз үшін маңызды проблемаларды шешуге ықпал етер еді. Олар өздерінің азаматтық белсенділігі мен түрлі саладағы бастамалары арқылы қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен теңқұқылығын сақтай алады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары 100 нақты қадам» Бағдарламасында мемлекеттік қызметке қоғамдық ұйымдардың белсенді өкілдерін тарту жөнінде айтқан сөздері де ҮЕҰ-дағы адам капиталының әлеуетін мойындауды көрсетеді.
Халық «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Азаматтардың бастамашылдығы, өз еліне деген сүйіспеншілігінен туған жанашырлығы негізінде бәріміз бірлесе, ынтымақтаса халық игілігі жолында тынымсыз әрекет еткен кезде ғана ел мен қоғам дамитыны сөзсіз.

БІРЖАН САРЖАНОВ, «АСАР» Түркістан облыстық мүгедектер қоғамы, Созақ аудандық филиалының төрағасы,
Республикалық VIII Азаматтық форумға қатысушы делегат

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close